25 желт.

Жұмысшы еңбегі – ел тірегі

Берік Елбергенов - "Құмкөл" ҚТП мұнайды есепке алу жөніндегі инженері. Жұмысшы мамандықтар жылы – өндірістегі көзге көріне бермейтін, бірақ ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған жандардың еңбегін дәріптейтін маңызды кезең болғаны анық. Бұл қатарда мұнай-газ саласында соңғы он бес жылда үздіксіз қызмет етіп келе жатқан маман Берік Елбергеновтің еңбегін атап өтуге тұрарлық.


Photo_13.jpeg


 


Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – ел дамуының негізінде тұрған қарапайым, бірақ аса жауапты еңбекті қайта бағалауға берілген мүмкіндік. Бұл – тек кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне серпін беру ғана емес, өндірістің барлық буынында тынымсыз еңбек етіп жүрген нағыз мамандардың еңбегін көпшілікке танытудың, олардың қоғамдағы орнын айқындаудың айқын көрінісі дер едік. «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС Құмкөл мұнай айдау стансасында қызмет ететін мұнайды есепке алу инженері Берік Елбергеновтің күнделікті жұмысында сырт көзге байқала бермейтін үлкен жауапкершілік жатыр. Мұнай көлемін дәл есепке алу, сапалық көрсеткіштерді бақылау, температура мен тығыздықты анықтау, сынама алу, техникалық және есептік құжаттарды жүргізу – барлығы да қатаң стандарттар мен талаптарға сәйкес орындалуы тиіс.


–Бұл салада білім ғана емес, үлкен жауапкершілік, тәртіп пен нақтылық қажет екенін ерте түсіндім. Еңбек жолым 2010 жылдан бері бір ғана компанияда – «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС жүйесінде өріліп келеді. Алғашында «Саутс Ойл» учаскесінде тәжірибе жинақтап, кейін Құмкөл кен орнына ауыстым,- дейді маман.


           Берік Елбергенов 1988 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауыл мектебінен түлеп ұшқан бозбала техникалық салаға саналы түрде бет бұрады. Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдап, кейін мұнай-газ ісі бойынша магистр дәрежесін алады.


 


-« Бұл салада командалық жұмыс өте маңызды. Себебі біздің жұмыс дәлдікті талап етеді. Есептегі бір ғана қателік бүкіл өндірістік тізбекке әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір өлшемге, әрбір цифрға аса мұқият қараймыз», – дейді маман.


Салаға заманауи автоматтандыру жүйелері, озық технологиялар енгізілгенімен, адам қолымен жасалатын, басқарылатын факторларғақойылатын талап әлі де жоғары. Құрал-жабдықты меңгеру, әдістемелерді дұрыс қолдану, стандарттан ауытқымау – инженердің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Сондықтан Берік Құлтасұлы үшін еңбек – тек кәсіби міндет емес, өмірлік ұстаным. Бұл қасиет оған отбасынан дарыған. Әкесі – ауыл мұғалімі, анасы – медицина саласының маманы. Бала күнінен білімге, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиеленген ол бүгінде сол құндылықтарды өз балаларының бойына сіңіріп келеді. Үш баланың әкесі ретінде ұл-қызын еңбекқор, тәртіпті, елге пайдалы азамат етіп тәрбиелеуді басты парызы санайды.


«Жұмысшы мамандықтар жылы – өндірістегі көзге көріне бермейтіназаматтардың еңбегін дәріптейтін маңызды кезең болды деп ойлаймыз. Мұнайды есепке алу инженері секілді жауапкершілігі жоғары мамандар – энергетикалық қауіпсіздік пен өндірістік тәртіптің кепілі. Адалдыққа, кәсіби шеберлікке және тұрақтылыққа негізделген жұмысшы мамандығының жарқын үлгісі болуға ұмтыламыз. Себебі біздің адал еңбегіміз арқылы өндіріс те, мемлекет те нық қадаммен алға баса береді», - деп ой бөлісті Берік Елбергенов.


Оның ерекше бір қыры – салауатты өмір салтын тұрақты ұстанып, спортпен шұғылданады. Жұмыстан тыс уақытта да белсенді өмір салтын ұстанатын маман бала шағынан волейбол, баскетбол, футбол секілді командалық спорт түрлеріне қызығушылық танытып, бұл оның бойында тәртіп, төзімділік пен ұжымдық рухты қалыптастырған. Қазіргі таңда да бұқаралық спортты қолдап, салауатты өмір салтын насихаттауды өзіне міндет санайды. 


Білікті маманның мұнай-газ саласындағы еңбегі де лайықты бағасын алып келеді. Қызметтегі жоғары нәтижелері үшін бірнеше мәрте «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС және «ҚазТрансОйл» АҚ тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталған.


«Ата-анамыз бізге адал еңбек етуді, білім алуды, адамға қиянат жасамауды үйретті. Енді сол тәрбиені өз балаларымызға сіңіріп отырғанымыз мені әке ретінде қуантады. «Жұмысшы» деген атауға үстірт қарауға болмайтынын бүгінгі қоғам түсіне бастады. Себебі еңбекке құрмет – ел болашағына құрмет. Экономиканы алға жылжытатын – нақты адамдардың күнделікті маңдай тері», – дейді ол.


 

Жаңалықтарға оралу