22 шіл.
Испаниядан Гавайиге дейін: ҚҚҚ қызметкері IRONMAN әлемдік додасына шығады
«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің директоры Еркін Құлсартов ұзақ қашықтықтағы триатлоннан ең беделді жарыстардың бірі – IRONMAN әлем чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болды.
Еркін Құлсартов 2026 жылғы 12 шілдеде IRONMAN Vitoria-Gasteiz (Испания) халықаралық жарысына қатысып, оның қорытындысы бойынша IRONMAN World Championship Kona 2026 әлем чемпионатына квалификациялық слот жеңіп алды.
Әлем чемпионаты 2026 жылғы 10 қазанда бүкіл әлем триатлоншылары үшін аңызға айналған – Кайлуа-Кона (Гавайи, АҚШ) қаласында өтеді. Дәл осы жерде әлемдік ұзақ қашықтықтағы триатлонның басты жарысы өтеді. Бұл бәсекеде бақ сынау құқығына тек IRONMAN сериясының ресми додаларында квалификациялық іріктеуден сәтті өткен ең мықты спортшылар ғана ие болады.
Чемпионатта қатысушылар аңызға айналған 3,8 км жүзу, 180 км веложарыс және 42,2 км марафонға жүгіру қашықтығын бағындырады.
Еркін Құлсартовты жоғары спорттық жетістігімен құттықтаймыз! Дайындықтың сәтті өтуін, зор сенімділік пен дүбірлі додада еліміздің намысын лайықты қорғап, үздік өнер көрсетуіңізді тілейміз.