24 сәу.

«Алматы марафон – 2017»: ҚҚҚ жаңа белестерді бағындыруда

23 сәуірде Алматыда Орта Азиядағы ең ірі қайырымдылық спорт шарасы – «Алматы Марафон» сайысы өтті.  


20 мың адам қатысқан марафон таңғы сағат 8.00-де Тұңғыш Президент саябағында бастау алды. Бұл шараға «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС қызметкерлері де атсалысты. Айтқандай, бұл ҚҚҚ командасының алғаш рет қатысып отырған марафоны емес. ҚҚҚ былтырғы өткен марафонда да белсенділікпен қатысты.


Марафон қатысушылары әртүрлі қашықтықта: 42 шақырымдық толық марафон, 21 шақырымдық жартылай жүгіру, 3 шақырымдық балалар жарысы сияқты сайыстарда сынға түсті. Сондай-ақ топтасып жүгіру үшін «Экиден» атты эстафета да енгізілген. 2017 жылдан бастап марафон бағдарламасына скандинавиялық жүріс түрі де енгізіліп отыр.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, 10 км қашықтыққа жүгіруге ниет білдіргендер өте көп болған. Марафон стартына шыққандар сапында алдыңғы толқын аға-апалар да, кейінгі толқын өскелең ұрпақ та – бәрі қатысты.


Марафонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ әлемнің бірнеше елінен спортшылар қатысты. «Алматы Марафон» - эыд сайын сәуір айының соңғы жексенбісінде өтеді. Ұйымдастырушылардың дерегіне сәйкес, марафоннан түскен қаржы балаларды еміне, айрықша қажеттіліг бар жандарға арналған инфрақұрылымға жұмсалатын болады.


 

Жаңалықтарға оралу