23 ақп.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) сайланды

«ҚазТрансОйл» АҚ Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап Талғат Нәсимоллаұлы Құрманбаев «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) болып сайланды.

Талғат Құрманбаев 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық техникалық университетті «Мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын жобалау, салу және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген.

«ҚазТрансОйл» АҚ-қа тағайындалғанға дейін 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

Еңбек жолын 2000 жылы «Мұнай-Транско» БК ЖАҚ менеджері болып бастаған.

2002 жылдан 2005 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау департаментінің маманы, бас маманы, менеджері ретінде жұмыс істеді. 2007 жылдан 2009 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау жөніндегі атқарушы директоры лауазымында еңбек етті.

2005-2007 жылдары «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ-тың логистика және сервис департаментін басқарды.

2009-2011 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың корпоративтік хатшысы болып жұмыс істеді.

2012-2015 жылдар аралығында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мұнай-газ активтері дирекциясының бас сарапшысы, директоры лауазымын атқарды.

2015-2020 жылдары  «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директорының орынбасары, бас директоры қызметін атқарды.  

Жаңалықтарға оралу