20 қаң.
Адал еңбек – аманатқа берік жауапкершілік
Еркелді Еламанұлы Еламанов – магистральді мұнай құбыры бойындағы тыныш түндер мен жауапты сәттердің куәгері. Ол – сандармен сөйлейтін, бірақ еңбегінің салмағын жүрекпен сезінетін маман.
1978 жылы Ұлытау өңірі, Жаңаарқа ауданына қарасты Аппаз (Мұқажан Жұмажанов) ауылында дүниеге келген Еркелді Еламановтың балалық шағы ауыл тіршілігімен біте қайнасып өтті. Әкесі – ауыл басқарма басшысын тасымалдаған жүргізуші, анасы – ауыл кеңсесінде бас бухгалтер болған. Екеуі де атақ қуған емес, бірақ адал еңбектің не екенін баласының бойына сіңіре білді.
«Уақытты босқа өткізбеу, біреудің еңбегін сыйлау, әділ болу» – Еркелдінің санасына бала кезден орныққан қағидалар.
Жеті жасында әкесінен айырылу оның өміріндегі ең ауыр белес болды. Сол сәттен бастап отбасының бар салмағы анасының иығына түсті. Қатал көрінгенмен, әділ ана тәрбиесі Еркелдіні жинақылыққа, тазалыққа, табандылыққа үйретті.
Ауыл іргесінде орналасқан «Атасу» бас мұнай айдау станциясы оның бала қиялын ерте оятты. Аспанға қонған тікұшақтар, біркелкі киінген мұнайшылар, алыстан көрінген қазандықтар – бәрі белгісіз, бірақ тартымды әлем еді. Ол кезде ұшқыш болуды армандаған бала, өзі байқамастан, болашақ тағдырына жақындай берді.
Мектептен кейін Жезқазғандағы Ө.Ә. Байқоңыров атындағы университетті тәмамдап, физика пәнінің мұғалімі атанды. Алайда ауыл мектебіндегі мүмкіндіктің шектеулі екенін сезінген соң, өмір бағытын өзгертуге тура келді. Әскерден оралғаннан кейін, 2001 жылы мұнай саласындағы еңбек жолы басталды. Бұл таңдау — балалық қызығушылық, тағдыр және саналы шешімнің тоғысқан тұсы еді.
Инспекторлық қызметтен бастап, ірі магистральді құбырларды технологиялық мұнаймен толтыру жұмыстарына дейінгі жол – оның кәсіби мектебі болды. «Атасу–Алашанькоу», «Кеңкияқ–Құмкөл» секілді жобаларда жинаған тәжірибе оны шыңдай түсті.
2018 жылдан бері Еркелді Еламанұлы «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС-нің «Атасу» өндірістік учаскесінде мұнай есептеу инженері болып қызмет атқарып келеді.
Оның жұмысы – дәлдік пен сабырды талап етеді. Түнгі ауысым, қазандық үстіндегі өлшеу, зертханалық талдауды бақылау, бір тәуліктің мұнай көлемін есептеу – бір қателікке жол жоқ жауапкершілік. «Есептелетін мұнай – мыңдаған адамның маңдай терінің аманаты», – дейді ол.
Еркелді Еламановты алға жетелейтін – өз ісіне деген сенім, әріптестер арасындағы өзара қолдау және үнемі үйренуге деген дайындық. Ол тәлімгерлерін ұмытпайды, әрбір үйреткен сабағын құрметпен еске алады.
Бес баланың әкесі ретінде ол отбасын ең үлкен байлық санайды. Жары – ұстаз. Балалары оқу мен спортта жетістікке жетіп жүр. «Жетпеген армандарымды балаларымның жолынан көріп отырмын», – дейді ол әкелік мақтанышпен.
Жұмыстан тыс уақытта ауыл тіршілігіне араласып, жылқы баптайды, садақ атады, көне ат әбзелдерін жаңғыртады. Бұл – оның жан дүниесін тыныштандыратын, ұлдарына мирас болып қалатын құндылықтар.
Еңбегіне деген адалдығы мен кәсіби жауапкершілігі жылдар өте еленбей қалған жоқ. Магистральдық құбыр көлігі саласын дамытуға қосқан нақты үлесі үшін Еркелді Еламанұлы «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС-нің алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Магистральдық құбыр көлігінің құрметті қызметкері» медалінің иегері.
2021 жылы SINO-PIPELINE International Company Limited компаниясы тарапынан еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік (HSE) саласындағы жоғары нәтижелері үшін арнайы сертификатпен марапатталуы — оның кәсіби ұстанымының халықаралық деңгейде де мойындалғанының айғағы.